2017 жылғы 14 ақпанда Қарқаралы қаласының О.А.Жаутыков атындағы №1 қазақ орта мектебінде Қарқаралы ауданының білімді дамыту орталығының әдіскері А.Е. Рымбекованың ұйымдастыруымен жасөспірімдер арасындағы келеңсіз құбылыстардың алдын алу, мұндай жағдайларға қоғамның назарын аудару, сондай-ақ, түйткілді мәселенің түйінін тарқатуға ата-аналар мен ұстаздарды жұмылдыру мақсатында аудандық семинар болып өтті.
Жиынның бағыты - адам өмірінің баға жетпес құндылық екеніне көз жеткізе отырып, тәлім-тәрбиені мықтай келе, бала болашағына жол сілтеу, зорлық-зомбылықты аластату, қатер болған суицидті болдырмау.
Семинарға 78 мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен мектеп психологтары қатысып, өзекті мәселелер ортаға салынды.
Семинарды ашқан А.Е. Рымбекова күн тәртібіндегі көкейкесті мәселелерді қамтитын тақырыптар бойынша баяндамаларға тоқталды.
«Суицид проблемасы және оны шешу жолдары» тақырыбында баяндама жасаған жалпы білім беретін №3 орта мектебінің педагог-психологы Ж.Б.Омарова, мұндай жан түршігерлік жағдайлардың белең алғанын мысалдармен жеткізіп, әлемдік мәселеге айналғанын туралап, мемлекеттік статистикаға жүгініп, Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтерін келтірді. Сонымен қатар, прокурорлық зерттеулерге сүйене отырып, бұл қауіпті дерттің себебі болған отбасындағы, қоғамдағы күш көрсетудің, жан күйзелісіне түсірудің, ересектердің қатал қарым-қатынасының балаларды жаман жайттарға итермелейтініне, өміріне теріс әсер ететініне тоқталып, белгілерін атап, материалдық-тұрмыстық жағдайдың да суицидтік ойдың пайда болуына апартынын айтып, уақытылы психиологиялық қолдаудың тығырықтан, шарасыздықтан шығуына көмектесетінін аңғартты. Баяндамашы өз сөзінде Ұлы ғұлама ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берген білім қоғамға апат әкеледі» деген сөзін сүйемелдеп, тәрбиенің алатын орнын аша түсіп, имандылықтың артуына қолғабыс жасау керек екені жөнінде ой тастады.
Бұдан әрі, жалпы білім беретін №33 орта мектеп психологы К.М.Габдуллина «Қауіп-қатердің алдын алуда оқушылармен жүргізілген психологиялық шаралар» тақырыбында ақпарат беріп, көңіл алаңдатар мәселеге қатысты ауқымды іс-шаралардың маңыздылығын ашты. Осы мақсатта мектеп ұстаздарымен, ата-аналармен, оқушылармен жұмыс жасау - қауіп-қатердің алдын алудың бағыттары екенін атап көрсетіп, жинақталған құжаттар бойынша мағлұмат берді. Жасөспірімдердің өздеріне қол жұмсаудың мүмкін болатын себептеріне көз жүгіртіп, бұған қарсы тұрушы факторларды таныстырып, денсаулыққа мән беруді, оған зақым келтіруден қорқуды, өмірлік құндылықтардың белсенділігін, жарқын болашаққа және өмірге деген сенімділік пен құштарлықтың болуын, психикалық ауыртпалықты еңсеру тәсілдерін алға тартты. Оқиғаның алдын алу тұрғысында оқушылармен өткізілген «Өмір, сен қымбатсың маған» психологиялық шараларын, оқушылардың өмірге құштарлығын арттыру сабағы мен жантану құпиялары жанымызда апталығын, «Өмір-өмір сүру үшін беріледі» тақырыбындағы мұғалімдермен және ата-аналармен жүргізілген жұмыстарын жария етті.
Әрі қарай сөз алған жалпы білім беретін №4 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қ.Оралбаев «Зорлық зомбылықсыз және қатыгездіксіз балалық шақ» тақырыбында коучинг өткізіп, қатысушылар арасында қарым-қатынас орнатты. Балалар мен жасөспірімдерді зорлық-зомбылықтан және қатыгездіктен қорғау, оларға қатысты бұзушылықтың алдын алу - қоғамдық сипатты иеленетін маңызды, әлеуметтік мәні бар және өзекті мәселелердің бірі болып табылатынын айта келе, бұл әдістемелік құрал - балалар мен жасөспірімдерге қатысты зорлық-зомбылық пен қатыгездік түрлерінің, қатыгездіктен жапа шеккендерді анықтаудың әдістері мен көрсеткіштерінің, зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларға көмек көрсету жөніндегі жұмыс технологиясын сипаттаудың, балалар қатыгездігінің алдын алу бойынша кешенді жүйесін ұйымдастырудың ұсыныстарын қарастыратынын айтып өтті. Бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқығын қорғау және психологиялық-педагогикалық көмек көрсету бойынша халықаралық көзқарастарды ұсынып, өзге елдердің шараларын, тәрбиелеу кезеңдерін, қойылатын талаптарын, атқару сатыларын және орын алған бұзушылықтарды жою, онымен күресу жолдарын, ұстаздар мен ата-аналарға арналған келелі кеңестердің бірқатарын қамтыды. Мұндай әдістемелік құралдың қоғамның бұдан әрі қалыптасуына, бала тәрбиесіне тиімділігінің артуына септігін тигізетініне сенім білдірді.
Семинардың өтуіне бастау болған А.Е. Рымбекова отырыс барысында еліміздің болашағы балаларымызды тәрбиелеу, оқыту, білім беру, имандылыққа үйрету, оларды болашаққа қадам бастырып, осы өмірде өз орындарын табуға ұстаздар мен ата-аналардың ықпалы қажет екенін меңзеп, айтылған пікірлерді тұшымды ойымен тұжырымдады.
Шын мәнінде, теріс әрекеттерден арылу үшін балаларымызды жақсы көріп, көбірек көңілдеріне қарап, талпынысын ұштап, рухани дүниетанымын байытып, сана-сезімін сергітіп, мінез-құлқының дұрыс қалыптасуына демеу жасап отыру үлкендердің міндеті екенін қаперімізден шығармағанымыз жөн.