Жетiм бала - ата-анасының екеуi де немесе жалғыз басты ата-анасы қайтыс болған бала
ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала - ата-ана құқықтарының шектелуiне немесе олардан айырылуына, ата-анасы хабар-ошарсыз кеттi деп танылуына, олар өлдi деп жариялануына, әрекетке қабiлетсiз (әрекетқабiлетi шектеулi) деп танылуына, ата-анасының бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуiне, ата-анасының баласын тәрбиелеуден немесе оның құқықтары мен мүдделерiн қорғаудан жалтаруына, оның iшiнде ата-анасының өз баласын тәрбиелеу немесе емдеу мекемелерiнен алудан бас тартуына байланысты, сондай-ақ ата-анасы қамқорлық жасамаған өзге де жағдайларда жалғыз басты ата-анасының немесе екеуiнiң де қамқорлығынсыз қалған бала, яғни ата-аналары тірі бола тура жетім атанатын әлеуметтік жетімдер.
Тастанды бала – ата-анасы тастап кеткен бала, куәгерлердің қатысуымен тастанды балаға акт жасалады.
Отбасы құндылығының, рөлінің төмендеуі әлеуметтік жетімдіктің басты себептерінің бірі болып табылады. Әрбір баланың отбасында өмір сүру және тәрбиелену құқығын іске асыру мақсатында бүгінгі күні республикамызда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастырудың баламалы нысандары кеңінен енгізілуде. Аталған санаттағы балаларды отбасылық орналастырудың негізгі нысандарына қорғаншылық (қамқоршылық), асырап алу және патронат жатады.
Бүгінде жетім балаларды отандастарымыздың отбасыларына орналастыруды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ақпараттық-түсіндіру жұмысы жандана түсті.
Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы өз отбасына тәрбиелеуге алғысы келетін азматтарды іздеуге және тартуға бағытталған «Қуан, сәби», «Қамқоршы күні», «Ризашылық» республикалық акциясы өткізіледі.
Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеуге алған қазақстандық азаматтарды материалдық ынталандыру мақсатында 2011 жылғы наурыздан бастап Қазақстанда алғаш рет қорғаншылардың (қамқоршылардың) отбасында тәрбиеленіп жатқан жетім баланы және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы асырап-бағу үшін 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жәрдемақы төленеді. Аталған жәрдемақыны төлеу жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарда тәрбиеленетін осы санаттағы балалардың санын азайтуға мүмкіндік береді.
Алайда әлеуметтік жетімдік мәселесі әлі де пысықтауды қажет етеді. Сондықтан алдағы уақытта отбасы мен отбасылық тәрбие құндылығын насихаттау, қоғамды балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері бойынша ағарту, тұлғаның адамгершілік-рухани дамуын қалыптастыру, қоғамдастықтың назарын әлеуметтік жетімдіктің проблемасына аудару бойынша жұмыс өз жалғасын табатын болады.
М.Е. Искакова, бала құқығын қорғау жөніндегі бас маман
10.01.13









