Елбасының 2017 жылы 31 қаңтарда жарық көрген «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында отыз озық елдің қатарына қарай тұрақты түрде ілгерілуге жетелейтін негізгі бес басымдық қарастырылған.

Президент жолдауында: ...«Бұл жаңғыру жоспары «Қазақстан-2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Ол ұлт жоспары «100 нақты қадам» базасында өткізіледі», - делінген.
Елімізді дамудың даңғыл жолына бастайтын төртінші басымдық – адами капитал сапасын жақсарту деп танылған болатын. Адами капиталдың өзегі білім. Білім болашақ дамудың кепілі десек, ұрпақ саулығы – ұлт саулығы екендігін де естен шығара алмаймыз. Адами капиталды дамытуда ұрпақ саулығы ерекше рөл атқаратыны даусыз. Демек жалпы орта біліммен, болашақ мамандығын таңдауда кәсіби бағдармен қоғамның барлық санатындағы жеткіншектер қамтылуы тиіс.
Білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарына баршаның сапалы білім алуға құқықтарының теңдігі, әрбір адамның зияткерлік дамуы, психикалық-физиологиялық және жеке ерекшеліктері ескеріле отырып, халықтың барлық деңгейдегі білімге қол жетімділігі жатады.
Осы тұста баршаның сапалы білімге қол жетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған білім беру жүйесін тарату процестерінің бірі инклюзивті білім берудің өзектілігі айқындалады.
Инклюзивті білім беру– балалардың дене, психикалық, зияткерлік, мәдени-этникалық, тілдік және басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, сапалы білім беру ортасына ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларды қосуды, олардың сапалы білім алуын және әлеуметтік бейімделуін, социумге кірігуін көздейді.
Осыған орай, білім беру саласында инклюзивті білім беру тәжірибесін нормативтік-құқықтық қамтамасыз етуге арналған бірқатар заңнамалық құжаттар қабылданды. «Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы» КМҚК-ның және Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының тарапынан инклюзивті білім беруді ұйымдастыруда басшылыққа алатын әдістемелік ұсынымдар, нұсқаулықтар, инклюзивті білім беруді дамытудың тұжырымдамалық тәсілдері әзірленді.
ҚР білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы 4 тамыздағы №485 бұйрығына сәйкес, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында, Қарағанды облысының білім беру ұйымдарында «Инклюзивті балабақша – инклюзивті мектеп – инклюзивті колледж» пилоттық жобасы енгізілген.
Ауданымызда білім саласындағы аталған жаңа бағыт бойынша жоспарлы, нақты нәтижеге бағытталған жұмыстар жүргізілуде. «Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу әдістемелік орталығының» бұйрығымен инклюзивті білім беруді дамыту бойынша тәжірибелік алаң болып академик О.А.Жаутыков атындағы №1 қазақ орта мектебі белгіленген болатын. Тәжірибелік алаңға ерекше білімділік қажеттіліктері бар білім алушылар оқып тәрбиеленетін 8 магниттік мектеп бекітілген.
Бүгінгі күні тәжірибелік алаң негізінде ерекше білімділік қажеттіліктері бар білім алушыларға әлеуметтік-психологиялық көмек көрсетуге психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі құрылды. Қолдау қызметі құрамында педагог-дефектолог, логопед, педагог-психолог, әлеуметтік педагог қызмет етуде.Ерекше білімділік қажеттіліктері бар білім алушылармен арнайы заттай-дамытуға арналған ортада ойын сабақтар мен түзете-дамыту жаттығуларын өткізуге мүмкіндік туғызатын жергілікті бюджет қаржысына жабдықталған сенсорлық кабинет жұмыс жасайды.
Қараңғы сенсорлық кабинеттің заттай-дамытуға арналған ортасы балалар дамуындағы сенсомоторлық ауытқуларды түзетуге пайдалы, мектептің төменгі сынып оқушыларының физикалық, танымдық дамуына ықпал етеді және баланың қоршаған ортамен танысуына қолайлы жағдай қалыптастырады.
Инклюзивті білім беруді дамыту бойынша тәжірибелік алаң өз жұмысын жүргізуде облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңеспен (ПМПК) және даму мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жүргізетін аудандық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімімен, сондай-ақ аудан жастарының қоғам өміріне белсене араласып, түрлі бағытта өз қабілеттерін дамытып, шыңдалуына мүмкіндік туғызып отырған жастар ресурстық орталығымен бірлескен жұмысқа көп көңіл бөледі. Аталған мемлекеттік мекемелермен әлеуметтік серіктестік орнатып, бірлескен жұмыс жоспары құрылған.
Облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес меңгерушісі Ж.А.Ержолованың жетекшілігіменбелгіленген кестеге сәйкес жылына екі рет аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен психологиялық-медициналық тексеруге мұқтаж балаларға тұрғылықты мекен-жайы бойынша көмек көрсетіледі. Білікті мамандардың аудан орталығына келіппсихологиялық-медициналық тексеру жұмыстарын жүргізуі шалғай ауыл тұрғындарына, ерекше көңіл бөлуді қажет ететін баласының қиындықтарымен қам көңіл болған ата-ананың облыс орталығына баруға шығындалмай қажетті көмекпен тұрғылықты жері бойынша қамтылуына жағдай жасайды.
Аудандық жастар ресурстық орталығымен ерекше білімділік қажеттіліктері бар білім алушылардың өз қатарластарынан оқшауланбай, жеке қызығушылығы мен мүмкіндіктеріне қарай қоғам өміріне белсене араласуына оң ықпал ету мақсатымен бірлескен жұмыс жоспары әзірленді. Жоспарда білім алушыларға өз-өзіне қызмет көрсету саласы бойынша кәсіби бағдар беру, шағын бизнес өкілдерімен, спорт, өнер саласында жетістікке жеткен белсенді жастармен дөңгелек стол, кездесулер өткізу, шағын цехтарға, шеберханаларға экскурсия ұйымдастыру бағыттары қамтылған.
Ақпан айында белгіленген жоспарға сәйкесаудандық білім бөлімінің білімді дамыту орталығының сектор меңгерушісі М.Е.Искакованың жетекшілігімен инклюзивті білім беруді дамыту бойынша тәжірибелік алаң базасында «Инклюзивті білім беруді дамыту барысында магниттік мектептерде психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінің ұйымдастырылуы» тақырыбында аудандық семинар өтті. Семинар мақсаты: инклюзивті білім беруді дамыту мен насихаттауда әлеуметтік серіктестердің рөлін көрсету. Магниттік мектептерде ерекше білімділік қажеттіліктері бар білім алушыларға әр баланың жеке мұқтаждықтары мен қажеттіліктеріне қарай көмек көрсетудегі психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінің жұмысымен танысу.
Іс-шараға тәжірибелік алаңның инклюзивті білім беруді дамыту бойынша әлеуметтік серіктестері Қарқаралы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен басшысының орынбасары Мизамбаев Ержан Ұзақбаевич; Жастар ресурстық орталығынан аудандық маслихат депутаты, ресурстық орталық маманы Дюсенбаев Қанат Болатбекұлы; «Қарқаралы» газетінің тілшісі Ыдырысов Данияр Нұрланұлы және тәжірибелік алаңға бекітілген магниттік мектеп директорлары мен психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінің мамандары қатысты.
Семинар барысында алдағы уақытта бірлесіп атқаратын жұмыс бағыттары, әр сала бойынша мекемелерде мүмкіндігі шектеулі балалармен жүргізілетін жұмыстар жайы талқыға салынды. Магниттік мектептердің психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінің мамандары инклюзивті сыныптарда оқитын ерекше білімділік қажеттіліктері бар білім алушылармен жүргізілген жұмыстар жайлы баяндады. Жұмыс барысында жіберіліп отырған кемшіліктер мен жекелеген санаттар бойынша туындаған қиындықтар жайлы ой қозғалды.
Кездесу барысында талқыға салынған мәселелер мен атқарылған жұмыстар легін қорытындылай келе мектеп психологы семинарға қатысушылар арасында «Жіптік курс» бағдарламасынан «Құбыр» тренингін қолдана отырып рефлексия өткізді.
Инклюзивті білім беруді дамытудың тұжырымдамалық тәсілдері адам құқығы саласындағы халықаралық құжаттарға сәйкес білім беру саласындағы әлемдік тәжірибенің жетістіктерін ескере отырып әзірленген. Ал әлемдік тәжірибеге жүргізілген сарапшылардың талдауы қоғамның барлық санатындағы білім алушыларды бөліп жармай, теңдей жағдайда тәрбиелеп, білім беру – түрлі деңгейде мұқтаждықтары бар балаларды тұтас қоғам болып қабылдап, олардың қалыпты әлеуметтенуіне қажетті орта қалыптастырған жағдайда өз деңгейінде жүзеге асатынын көрсетеді.
Білім беру саласында инклюзивті білім беру бойынша «Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы» КМҚК-ның директоры Г.Ш.Кожахметоваға, директордың тәрбие ісі жөніндегі орындасары Г.С.Копбаеваға, әдіскер У.Т.Дауипбаеваға инклюзивті білім беруді ұйымдастыруда әрдайым әдістемелік көмек көрсетіп отырғандары үшін Қарқаралы ауданының білім бөлімі, мектеп мұғалімдері атынан ризашылығымызды білдіріп, мың алғыс айтамыз.

О.А.Жаутыков атындағы №1 қазақ орта мектебі
тәжірибелік алаң координаторы А.Д.Нұржанов